Жайық» спорт кешенінде бокстан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, еліміздің барлық өңірінен келген 200-ге жуық былғары қолғап шеберлерінің шаршы алаңдағы  бәсекелері  алты күнге созылды. 

Ринат Жұмағалиев бастаған атыраулық боксшылардың жартылай финалға  тек үшеуі ғана  жетіп, 52 келі салмақта Бекзат Қонысбай  шымқаладан келген  Бейбарыс Пернебекке есе жіберді. Ал, 60 келіде өнер көрсеткен Бекзат Бітімов қызылордалық Жақсылық Базаровты ұтса, былтыр Азия чемпионы атанған Аманат Сабырғали Ақтөбе қаласынан келген Ернар Наурызовтың осал тұсын таба білді.

Осылайша, ақтық сынға қоржынымызға бір қола медаль  сала шығып, қалған қос саңлағымыздың қолғап түйістірулерін асыға күттік. Алдымен бәсеке алаңына  Бекзат Бітімов шықты. Ол Жамбыл облысынан келген Елнұр Сүйінбаймен жұдырықтасты. Қызыл жидемен шыққан атыраулықтың бойы қарсыласынан едәуір аласалау болды. Кездесу тең дәрежелі тартысқа толы өткенмен, үш раунд қорытындысында төрешілер көк жиделі жігіттің қолын көтерді. Еншімізге күміс медаль бұйырды.

 

Атыраулықтардың ақырғы үміті аса ауыр салмақта шығатын Аманатта болды. Біріншіліктің соңғы нүктесін қойған кездесуде ол Қарағандыдан келген алып Георгий Аушевпен шықты. Талай жарыстарда топ жарып жүрген жуан жұдырық көпке таныла бастаған өренімізге лайықты қарсылас бола білді. Алайда, осыған дейінгі кездесулерінің бәрін  уақытынан бұрын аяқтаған жерлесіміздің  мықтылығы көрер көзге анық сезіліп тұрды. Аманат Сабырғали бұл сында да басым болып, Қазақстан чемпионы атанды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді дазыңыз