Пролетар көшесіндегі Сатыбалды Қабдоллаевтың шарбағы маңайындағы балаларға күннен-күнге сыр шертісетін, кейде «шекісетін» орынға айналып барады. Өңшең қара сирақтар бүгін тағы жиналған. Тамыздың бірі болса да, шілденің шіліңгір ыстығы қаһарынан таяр түрі жоқ. Шекені шаңқан ыстық тесіп барады. Бірақ әңгіме қызығына түскен балалар иранбақтың саясында тұрғандай ешнәрсеге көңіл аударар емес. Бәрінің әңгімесіне ортақ арқау- өздері пір тұтып жүрген Серік Қонақбаев пен кубалық Хосе Агилардың арасындағы жартылай финалдық жекпе-жек. Біразы Серіктің шалт қимылы мен төзімділігін мақтан тұтса, екіншілері Агилардың жойқын соққыларының күштілігіне тамсанады. Бұл мешін жылы Мәскеуде өткен олимпиялық ойындардағы қоңыраулы додалардың, жанкүйерлер қауымының делебесін қоздырған шағы болатын.
Әңгімемен шерлерін тарқатқан балалар, кезекті сартта- сұрт жаттығуларын бастап жіберді. Біреуі Агилар болып, екіншісі Қонақбаев болып, тағы біреулері Савченко болып жұдырықтасуда. Олардың бүйтіп мұрындарының қышуын қандырып жүргендегі алатын «жүлдесі» омырауға тағатын значок ғана еді. Бірақ Саясат ағалары жеңгендеріне ауыр металдан жасалған әдемілерін берсе, жеңілгендерінің еншісіне тиетіні әркімде бар «ГТО» значогы ғана. Сондықтанда әрқайсысына жеңіс қажет. Бәленшені жеңді деген атағына қоса, значогы да жақсы. Айлар артынан айлар өткен сайын Қабдоллаевтар шарбағындағы «ринг» тарлық етіп, Болат өзара «төбелесті» қойып, арнаулы секцияға барғанды жөн санады.

Ол кезде облыс орталығында боксқа баулитын бес-алты-ақ бапкер бар болатын. Ересектерден сұрастыра жүріп бапкер таңдай бастады. Атыраудағы бұрынғы бапкерлердің мықты шәкірт тәрбиелегендері шамалы. Ең үздік деген В.Пактің шәкірті В.Кузнецов Қазақстан чемпионы атағына ғана қол жеткізді. Онан әрі аттап баса алған жоқ. Ал Серік Қонақбаевтай бокс дүлдүліне еліктеген Болат Теміровтің межесі жоғары еді.

Ақыры сұрастыра жүріп Қарағандыдан оқу бітіріп келген Ерболат Бисекеновке тоқтады. Ол- әлемге әйгілі Қарағанды бокс мектебінің түлегі. Атақты Л.Тілеубаевтан тәрбие алған. Бұл маман Қазақстанның чемпионы, Мәскеуде өткен халықаралық турнирде жеңіске жеткен көрінеді. Демек онан үйренудің өзі мақтаныш. Әрі мықтыдан тәрбие алған бапкердің берері мол. Сондықтанда Болат Теміров «Автомобилист» залына барып, Бисекеновтің секциясына жазылды.

Бапкер өзгелерден асып бара жатқан денесі былай тұрсын, құлағынан күн көрінген баланың тұла бойын бір шолып өтті де:
-Жарайды, сені секцияға қабылдайын. Бірақ салмағың тым аздау сияқты. Дегенмен ретін келтірерміз. Саған ең әуелі кемінде үш-төрт келідей салмақ қосу керек. Ол үшін әр жаттығуды жібермей, кешікпей, айтылған уақытта келген жөн. Егер анау-мынау деп сылтау айтар болсаң, өзіңді де, мені де алдағаның. Ондай оймен ешкім алдына қойған мақсатына жетпейді. Өзің бет бұрған іске әрашанда адал болу шарт,- деді.

Сонымен жаттығулар өтіп жатты. Алғашқы екі апта бойы ешкіммен шайқастырған жоқ. Ең әуелі боксшы рингте қалай тұру керек. Бокстағы әліппесі осылай басталды. Болаттың бір байқағаны, оның салмағында балалар онша көп емес екен. Шамалауынша бір-екі бала бар сияқты. Жаттығулар барған сайын күрделіленіп, бұрыннан айналысып жүргендермен қолғап түйістіретін сәт те келіп жетті. Алғашында Серік Дүйсенов, Орынбасар Кенжеғалиев деген балалар қайта-қайта ұтып кетіп жүрді. Бапкері де оған оң көзбен қарайтын сияқты. Бұл әр бапкердің бойында болатын қасиет. Бұрыннан жаттықтырып жүрген шәкіртін, көшеден келген көк атты ұтып жатса, кімге жақсы? Төл шәкіртің басым жүрсе, бапкер еңбегінің жанғаны емес пе?!
Болат алғаш рет құрмет тұғырына 1985 жылы көтерілді. Сол жылдары Атырау қаласында дәстүрлі түрде өтіп тұратын ғарышкер-ұшқыш П.Поповичтің жүлдесі үшін турнирінде күміс жүлдегер атанған болатын. Келесі жылы да осы жетістігін дәлме-дәл қайталады. Мұнан соң Арқалық қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы республикалық жарыста қола жүлдені иемденді. Осындай жетістіктерден кейін Болаттың өзіне деген сенімі артып, бапкері тарапынан да жылы сөздерді жиі-жиі еститін дәрежеге жетті. Бұл жас боксшы үшін, әкенің маңдайдан сипаған аялы алақанының жылуындай еді.

Сексен жетінші-қоян жылы жас боксшы үшін өте сәтті болды. Ол әуелі П.Попович жүлдесі үшін болған дәстүрлі додада топ жарды. Болат турнир қорытындысы бойынша ең таңдаулы боксшы деп танылды. Сегіз елдің саңлақтары қатысқан жарыста озып шығу, атыраулық спортшыға рухани күш берді. Сондай-ақ бұл бәсекеде Мереке Жүсіпов пен Мерген Ғазизов сынды болашақ шеберлер де құрмет тұғырына көтерілген-ді.

Болат бапкеріне ересектер арасындағы чемпионатта бағын сынап көргісі келетіндігін айтқан еді. Бисекенов болса шәкіртінің нартәуекелге бел байлағанына қуанып қалды. Бірақ қайтіп кетеді деген күдікте маза берер емес. Қалай дегенмен, ересектер арасында алғаш сынға түсу оңай емес екені анық. Жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, бетін әрмен қылсын егер сәтсіздікке ұшырай қалса, адуындап келген жастың тауы шағылуы мүмкін. Сөйтіп бапкер мен шәкірт үміт пен күдік жүгін арқалап, кеншілер қаласы Қарағандыға аттанды.

Сол жылдары 17-18 жастағылар ересектер арасындағы турнирге қатысу үшін, «өлсем орным қара жер» дегендей, қолхат беруі тиіс-ті. Бұл дегеніңіз, егер ауыр жарақат алсам, өзім жауаптымын деген сөз. Осындай жанпидалыққа салынып, ересектер жарысына қатысқан Болат рингке көтерілген «ағаларының» бәрін жерге қаратып, алтыннан алқа тақты. Республиалық чемпионатқа бас төреші болған Әбдісалан Нұрмақановқа қандай жас боксшыларды атап өтесіз деп сауал тастағанымда:

-Шынымды айтсам, чемпионатта көз тоқтатар жастар аз болды. Бірақ атыраулық Болат Теміров пен шымкенттік Тимофей Чернов ұнады,- деген-ді. Анау-мынауды тілге тиек етпейтін, бокс өнерінің жілік майын шаққан маманның жылы лебізінен кейін, жаңағы екеуінің аяқ алысын жіті қадағалайтын болдым.

Сол жылдың қараша айында Шымкент қаласында Кеңес Одағының Батыры Қарағозы Әбдәлиевті еске түсіруге арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтті. Талай жылдардан бері небір мықтылар қатысып жүрген жарыста, қазақстандықтармен бірге, бұл жолы Әзірбайжан, Бурятия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Украина елдерінің былғары қолғап шеберлері рингке көтерілді. Алқалы турнирде Болат Теміров тағы да қарсылас шақ келтірген жоқ. Осындай табыстары нәтижесінде, атыраулық былғары қолғап шебері, еліміздегі таңдаулылар қатарына қосылды. Жас боксшы келесі жылы да жеңісті жолын жалғастыра түсті. Шымкентте Қ.Әбдәлиевті еске түсіруге арналған турнирде бас жүлдені иемденді. Мұнан соң Целиноград қаласындағы жастар сарайында Қазақстан чемпионаты өткен болатын. 51 келіге дейінгілер арасында сынға түскен Жайық бойының жігіті қарсыластарына дес бермеді. Сөйтіп қатарынан екінші рет, өз салмақ дәрежесі бойынша еліміздегі ең үздік боксшы атанды.

Жаңа ғана шайдай ашық аспанға Каспий жақтан түйдек-түйдек қою қара бұлт көтерілді де, айналаның кенеттен түнеріп жүре бергені. Бұлтқа қарсы соққан дауыл жер дүниенің берекесін кетіріп, астаң-кестеңін шығарды. Аспанға көтерілген түйіршік топырақтармен қосыла қағаз, қаңбақ, басқа да қоқыстар бір-бірінен қалыспайын дегендей ұшып барады.

Жай уақытта біреу қумаса, көше бойында қараптан-қарап жүгіру әбестік емес пе? Ал қазір сен жүгіресіңбе, еңбектейсіңбе, оған ешкімнің көз тоқтатып, көңіл аударар шамасы жоқ. Қолдағы барымен бастарын көлегейлеп, бүрсеңдеп бара жатқаны. Табиғаттың мұндай дүлей мінезі, бар-жоғы оншақты минөт шамасында-ақ, тылсым тірліктің құтын қашырып, көшедегілерді ықтасынға қуып тықты.

Жаттығу залына жіпсіп келуді ұнататын Болатқа табиғат шіркіннің бұрқ-сарқ еткен осы «сыйы», іздегенге сұраған болды. Бес-алты аялдама бойы жүгіріп, жаттығуға күндегіден бұрынырақ келді. Шәкіртін күтіп отырған Ерболат Бисекенов бірден іске кірісті. Ол жалпиған алақаншаны қолына сұғып алды да, «мықтылығыңды таныт» дегендей, Болатқа ұрғыза бастады. Бапкер біресе оң қолын, біресе сол қолын тосып, шәкіртінен үсті-үстіне, дамылсыз соққы қабылдауда. Болат бір сәтке бапкерінің қолын қоя салып, ілулі тұрған қапшықты тарсылдата төмпештеді. Басқа да жаттығулар, бірінен соң бірі, жалғаса түсті. Күн сайын төрт-бес сағат бойы, осындай ақ тер, көк тер шығатын тірлік. Осы жанкешті жаттығулардағы мақсат- шеберлікті шыңдау. Демек, облыс, ел намысын абыроймен қорғау жолындағы әрекет.

Ұстаз бен шәкірт жан алқымға түскен жаттығуларын аяқтап көшеге шықса, тып-тынық. Манағы төніп тұрған қара бұлтта, азу тісі ақсиған дауыл да, көз аштырмас топырақтың да ізі жоқ. Жаңбырдан соң көше бойы ойдым-ойдым көлшік, кей жер белуардан балшық. Иықтарына сөмке асынған екеу Сәтбаев атындағы даңғыл бойымен асықпай сырласып келеді. Әңгіме арқауы бокс және боксшылар жайлы өрбитіні де белгілі.
Бұл 1990 жылдың мамыр айы болатын. Алда- Алматыда өтетін халықаралық турнир. Болаттың әбден бабына келген шағы. Бұған дейін жасөспірімдер және жастар арасында КСРО чемпионы атанған Болаттың бар мақсаты, халықаралық рингте құрмет тұғырына көтерілу болатын. Шәкіртінің бабын байқаған Бисекенов, осы турнирді ұту керектігін алға тартты. Бұл аса мәртебелі дода. Себебі оған Куба, Ресей, Моңғолия, Армения, Румыния, Тайланд, Украина сияқты, басқа да боксы жақсы дамыған елдердің өкілдері қатысатын-ды.

Сол тоқсаныншы жылғы, республикалық теледидар мен радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитет ұйымдастырған халықаралық турнир, қай жағынан да сәтті болды. Оған 19 елден 211 боксшы келді. 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 12 елден білектерін сыбанып шыққан 17 боксшы қолғап түйістірді.

Жартылай финалдық бәсекелер күні қазақстандық жанкүйерлер біраз әбігерге түсті. Оның себебі, аталмыш турнирде шеберліктерімен көрермендердің көзайымына айналған Болат Теміров пен Бейбіт Есжановтың өзара рингке шығуы еді. Бұған дейін бірлесіп өңеш жыртысып келген бокс әуесқойлары екі лагерге бөлінген.
— Қызыл бұрышта халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бейбіт Есжанов, көк бұрышта спорт шебері Болат Теміров,- деп хабарлаған сәтте дүркірей қол соғылып, жерлестерімізге қошемет көрсетілді. У-шу дүрмегі басылмай-ақ, «апырай, екі қазақстандықты бір-біріне қарсы жібергені несі? Біздің төрешілер қайда қарап отыр? Басқа бір елдің спортшысы табылмады ма?»- деген әттегенайлар там-тұм естіліп жатты.
Жанкүйерлер ренішінде де негіз бар. Бокс заңы қатал. Айлап, жылдап талай дәмді тағамдардан тәбетті шектеумен қалыпты салмақ ұстап, күніне бес-алты сағаттан жаттыққанда, сол еңбектің бәрі он минөтке жетер-жетпес уақыт ішінде таразыға түсіп, екі боксшының бірі үшін зая кететіні белгілі.

Алғашқы раунд. Бейбіт болса тәжірибесі молырақ, техникасы жоғары боксшы. Бірақ бұл оның рингке бір жылдық үзілістен соң оралған беті. Ал үлкен спортта мұндай «демалысты» зардабы тимей кетпесі кәміл. Болат болса томағасы сыпырылған қырандай жетіліп келе жатқан арманшыл жас. Қарағандылық жігіт ізгі әдетінше алыстан соғып, ұпай жинауға тырысты. Ол жекпе-жекті бірден шиеленістіруге асығар емес. Тактикасы- тек әр раунд соңында барын салу. Болат қарсыласының осы ойын ұққандай, жекпе-жек тізгінін өзі ұстап, керек-ау деген жерінде шабуылдап қояды. Манадан бері сілтідей тынып отырған көзі жіті, білікті мамандар бірінші раунд қорытындысында таразы басының Болат жағына ауғанын байқады.

Бір минөттік үзіліс кезінде бапкерлер боксшыларға ақыл-кеңестерін қом-қомдап тиеп жатса, жаршы-төреші оларды таныстырып та үлгерді:
— Қызыл бұрыштағы Бейбіт Есжанов КСРО-ның 1988 жылғы чемпионы, Еуропа біріншілігінің жүлдегері, көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы!»
Екінші раундта рингтегі жекпе-жек барысына май құйылғандай болды. Раунд басындағы Болаттың екі-үш сәтті шабуылына қарсы әрекет жасаған Бейбіт тағы да қапы кетті. Атыраулық жігіттің сілтеген жұдырығы, Бейбіттің маңдайына оңдырмай дарыды.
Тағы да үзіліс. Жаршы төреші Болатты таныстырды. Оның табыстары Есжановқа қарағанда аздау еді. Ал рингтегі ұрыс барысы болса, Болаттың басымдығымен өрбуде. Бірақ алда тағы бір раунд бар. Ол-шешуші.

Үшінші раунд. Алғашқы екі раунд бойы тізгінді өз қолында ұстаған Болат «көп қан шығармай» жеңуге тырысты. Қарсыласы болса жүйелі шабуыл ұйымдастыруға тырысып-ақ жүр. Бірақ атыраулық жігіт дес берер емес. Оның қорғанысы сыр берген жоқ. Гонг. Залда отырған жанкүйерлер тағы да дүркірете қол соғып, үсті-үстіне демеу сөздер айтып жатты. Бұл жеңімпаз деп жарияланған Болат Теміровтің табысына көрсетілген құрмет еді.

Финал. Әр жекпе-жек сайын ринге көтерілген қарсыластар бірінен-бірі өтеді. Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде, ине шаншарға орын жоқ. Жаршы-төреші:
— «Екінші жұпта 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қазақстандық Болат Теміров пен ресейлік Жанболат Мутаев шақырылады,- деп хабарлағанда көрермендер қауымы бір сойқанның болатынын сезіп, құйын жүріп өткендей дүрлігіп қалды. Оған себеп болған, екі боксшының да бұған дейінгі бәсекелерін өте жоғары қарқында өткізгендігі еді. Сондықтанда олардың өнері жанкүйерлерге ұнап қалғаны айдан анық.

Бірінші раунд. Жанболат гонг үніне қосыла, қарсыласына жұдырық жұмсады. Бірақ Теміров тас түйін. Жалт беріп, зулаған жұдырықты өзіне дарытпады. Спортшылар ринг «тізгіні» үшін арпалысты. Жанболат қайткен күнде де Болаттың сағын сындыруға тырысуда. Бірақ жерлесіміздің әрекеттері ойлы. Соққылары дәл. Беталды жұдырық жұмсау жоқ. Ашық төбелестен гөрі, боксқа тән тәсілдер арқылы ұтуға деген мақсат бар. Сөйтіп, бірінші раунд атыраулық жігіт жағында.

Екінші раундта Теміровтің тегеуріні анығырақ байқала түсті. Қарсыласы болса, бірінші раундтағыдай жұдырығын қалай болса солай сілтей бермейді. Нақты нәтижесі жоқ, қауқарсыз желпініспен жеңбесін түсінген сыңайы бар. Ал қазақстандық боксшы өте дәл, математикалық формуламен қимылдағандай әсер қалдырды. Жерлесіміз бұл раундты күмәнсіз ұтты.

Үшінші раундта қарқын үдей түсті. Рингте жан алысып, жан беріскен шайқас. Менің оң жағымда отырған Қытайдың Құлжа қаласынан келген «Мектеп спорты» жорналының редакторы Әбілез Жүнісұлы:
— «Пай, пай, жігіт-ақ. Мұндай шайқасты, осыдан үш жыл бұрын Бежінде көріп едім»,- деп қояды сөз арасында. Ал сол жағымдағы Атырау облысының Исатай ауданындағы Жанбай аулынан әдейілеп келген Қабдығали Ғұбашев ауыр денесін әрең қозғап:

— «Жүке, мына Жанболаттың жаны жоқ шығар. Қанша соққы жіберді, қыңқ етпейді ғой өзі»,- деп басын шайқайды. Бұл азаматтардың екеуі де спортты жете түсінетін жандар. Әбілез волейболдан Қытай біріншілігіне қатысқан. Оның балалары да шетінен спортшы. Мардан футболшы, әрі волейболшы, Күресі -жеңіл атлет, Әділі- балуан, қызы Гүлмира-шахматшы. Қабдығали болса- Жалмағамбетұлы Хибан, Дабылұлы Мақсот, Марданұлы Қизат ағаларына ұқсап жас кезінде қаңбақты кілем етіп төсеп күрескен, сонымен қатар ауылшаруашылық институтында оқыған жылдары спорттық гимнастикамен айналысқан.

Жә, енді рингке оралайық. Раунд барысында үрдіс қимыл жасап, соққылар алмасқанымен, ресейлік боксшы шаршаған сияқты. Соққылары дәлдігін жоғалтқан. Қолы да төмен түсіп кете береді. Болат болса, қарсыласына қарағанда әлде-қайда тың. Ақыры гонг соғылды. Төрешілер жеңісті бірауыздан атыраулық Болат Теміровке берді. Және де ол, халықаралық турнирдің қорытындысы бойынша, ең үздік боксшысы деп танылды.

1992 жылғы Олимпиялық ойындар алдындағы іріктеудің бір кезеңі болып есептелетін Қазан қаласында өткен КСРО чемпионатына Қазақстаннан 22 боксшы апаруға рұқсат етілді. Жерлестеріміздің арасында талай алқалы додаларда олжа салған Б.Жұмәділов, Н.Сыманов, Т.Бердібеков сынды ринг көкжалдары да болды. Кіл осындай «сен тұр, мен атайындардың» арасында, жас құрақтай қылтиып келе жатқан атыраулық Болат та бар.

Жеребе нәтижесі бойынша Теміровтің шөбіне алғашқы күні-ақ украиндық Ю.Вилищук түсті. Украиндық боксшы- қандай қарсыласпен түссе де рингті қан майданға айналдырып, өзін де өзгені де аямайтын, қимылы өте шапшаң, қып-қызыл шоқ тәріздес жігіт. Чемпионатқа осал боксшының келмейтіні белгілі. Бірақ Вилищуктің жөні бөлек. Ол қанжығаға өңгеріле салатын оңай «олжа» емес-ті.
Қарсыласының кім екенін естіген сәтте Болат сәл-пәл толқыды. Дегенмен бұл алғашқы әсер ғана еді. Соған дейін 99 рет рингке шыққан жерлесіміз, лезде байырғы қалпына түсіп, көзі жайнап кетті. Оны сезген бапкері Ерболат:
— Саспа, сен Есентемір емессің бе? Бас қамшыны. Бейсен ақсақал айтқандай Кешу, Жәнібек аталарыңның аруағына сиын,- деді.
Сын сағат та келіп жетті. Вилищук әдеттегіше дүрсе қоя берген жоқ. Жас қарсыласын алыстан, орта қашықтықтан түйгіштеп, осал жерін білуге әрекет етті. Өзінше қалпақпен ұрып алғысы бар ма, қалай? Бірақ мұндай қылжаққа төзетін Болат жоқ. Ә десе, мә деп, ыршып тұр.

Қазақстандық боксшыны қолпаштаған жанкүйерлер дауысы бүкіл кешен ішін кернеп алған. Чемпионатқа Ресейдің Пермь, Мәскеу, Пенза, Куйбышев, Саратов қалаларында оқып жүрген қазақ жастары келіпті. Олардың арасында Атырау жақтан келгендері көп-ақ. Жергілікті оқу орындарындағы қазақтармен бірге келген татар жастары да біздің жаққа шығып алған. Болаттың алдында рингке көтерілген 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қарағандылық Бектас Әбубәкіровте қарсыласын ұтқан-ды. Сол жеңісті жолды жалғастыру эстафетасы енді Болатта.
Айқаймен дем беру деген жақсы. Бірақ рингтегі оқиға өзінше дамиды. Қазақстандық боксшыда ешқандай артық қимыл жоқ. Соққылары дәл. Алғашқы екі раунта да боксшылар тілімен айтқанда, бірінші нөмірмен шайқасқан жерлесіміз, қарсыласына қарағанда басым екендігін байқатты.

Үшінші раунд басында Вилищук бар болғаны бірер минөттей жұлқына әрекет жасап бақты. Болатқа соққы дарып жарыған жоқ. Дәлдігінен ажыраған ауыр соққылар украиндық жігіттің жігерін құм қылды. Жекпе-жектің соңына таман, рингте тек қана қазақстандық боксшының шабуылы байқалды. Сұрапыл аяқталғанда төрешілер алқасы жеңісті бірауыздан Болат Теміровке берді. Жерлесіміз мұнан соң тағы да үш қарсыласының сағын сындырып, финалда ленинградтық Дмитрий Еникеевті де жерге қаратты. Сөйтіп, алғаш рет КСРО чемпионы атанды. Өкінішке орай, сол Қазан рингіне көтерілген жерлестеріміздің арасында чемпиондық атақ жалғыз Болатқа ғана бұйырды.
Өмір деген қызық-ау өзі. Осыдан он күн бұрын «қалай болар екен?»- деп барған жігіт, енді бүкіл Кеңес ұкіметіне танымал болып шыға келді. 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі мықтылардың бәрінен лауазымы жоғары. Осы чемпион деген ауыр жүктің әсері, бар адамға бірдей емес. Мықты дегендеріңіздің талайы чемпион болған соң, келесі жылы-ақ тақтан тайған. Кейбірінің біржола нардай шөккен сәттері де болғаны баршаға аян.

«Қайтып атағымды сақтаймын?»- деген ой Болатты да мазалағаны рас. Бапкері Ерболат Бисекенов екеуі қалай болғанда да, ресми жарыстардан қалмауды мақсат етті. Бұл жоспардың орынды екеніне көп кешікпей көздері жетті.
Адуынды шәкірт тәрбиелеген Ерболат Бисекенов танымал бапкерлердің қатарынан ойып тұрып орын тепті. Ал Болат Теміров болса, уысына біраз елді қысып отырған Кеңес одағының үздігі. Өзі өзгеге биіктен қарайтын дәрежеге жетті. Татар жеріндегі жеңістің ыстық-суығы басылмай жатып-ақ, Минскіде өткен КСРО Халықтарының Х спартакиадасында, іле-шала Новосібірдегі КСРО Кубогі сайысында алтыннан алқа тақты. Аталмыш жарыстарда қазақстандық боксшыға, қарсыластары үрейленіп қарайтындай болып сезілді. Шындығында да, жерлесіміздің оң қолынан талай мықтылар омақаса құлаған еді. КСРО Халықтары спартакиадасының финалында ресейлік тәжірибелі боксшы А.Филипповтың өзі де, оң қолдың дәмін жақсылап татқан-ды.

На изображении может находиться: 13 человек, на улице

Былғары қолғап шеберлері спартакиададан абыроймен оралған соң, Қазақстанның Жастар істері, дене тәрбиесі мен спорт жөніндегі комитетінің мемлекеттік жаттықтырушысы Асылбек Қилымовты әңгімеге тартқанымда:
— Жауапты жарысқа жарты жылдай қалғанда құрама сапынан А.Мирошниченко, И.Ружников, Е.Зайцев, В.Присяжнюк, К.Әбдірахманов, Е.Хакимов, Н.Көпжасаров сынды боксшыларымыздың кетуі алғашында біраз ойлантты. Оның үстіне белгілі ұстаз Ю.Цхайдың да басқа жұмысқа ауысуының тұспа-тұс келгені тағы бар. Бірақ дана халқымыз: «Ат аунаған жерде түк қалар» деп бекерге айтпаған ғой. Жаңа жаттықтырушылар мен таудай талабы бар жас өрендеріміз жаттығуға кірісіп кетті. Көп ұзамай-ақ бағытымыздың дұрыстығына көзіміз жетті. Жамбылда тәрбиеленіп шыққан Серікбай Төлейбаев өзінің ұстаздық қызметке деген сезімталдығымен байқалды. Құрамаға жаңа келген жігіттермен дұрыс тіл табыса білудің арқасында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымағы жарасқан ұжым қалыптасты. Соның нәтижесінде атыраулық Б.Теміров, шымкенттік Қ.Шағатаев, керекулік Н.Кульпин, қарағандылық И.Шишкин алтыннан алқа тақты. Көкшетаулық М.Жүсіпов, шымкенттік Н.Сыманов, ақтаулық А.Кушков күміс, алматылық М.Қасенов, жамбылдық Б.Ниязымбетов, үштөбелік М.Юрченко қола жүлдені еншіледі. Құрмет тұғырына көтерілген жігіттердің арасында Б.Теміров пен Қ.Шағатаевтың жеңістеріне ризамын. Оларды тәрбиелеген Е.Бисекенов пен А.Асқаров сынды бапкерлерге айтар алғысымыз мол,- деген болатын.
Өмірдегі қарапайым адамдардың қасиеті сияқты, спортшылар да өзіндік қасиет, қолтаңба болатыны баршаға аян. Болаттың қасиеті рингтегі қарсыласы «қайтер екен» деп жүрмейді. Кіммен шықса да, өзінше қимыл-әрекет жасауға тырысады. Сондықтанда оның қатысуымен өткізілген жекпе-жек әрқашанда жоғары қарқынмен өтіп, жанкүйерлер қауымына жақсы әсер қалдырады. Бокс сүйер жұрттың айызын қандырып, бірден делебесін қоздырады.

Кәсібіміз спорт саласы болғандықтан, жанкүйерлер қауымы мен қалың оқырмандарды жаңалықтармен мейлінше тезірек қамтамасыз ету мақсатында тыным таппай жүргеніміз. Оның үстіне оң жанбасымызға келетін бокстың орны бөлек. Оқырмандар хат арқылы да, телефон шалып та «бәленше қалай, түгенше қалай? Жарысқа қатыса ма?» — деген сұрақтар астына алады. Жанашырлар алдында тосылып қалмас үшін боксшылар залына келдік. Мұнда тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері чемпионаты қарсаңындағы жаттығу жұмыстары жүріп жатқан болатын.
Спортшылар қара терге малшынып, іске қызу кірісіп кеткен екен. Біреулері жұп-жұп болып жұдырықтасса, екіншілері өз көлеңкелерімен жұдырық сілтесіп әуре болуда. Жеті-сегіз боксшы ілулі тұрған қап-қара «алмұртты» өштері кеткендей төпелеп жатыр. Әйтеуір қарап тұрған бір жан жоқ. Жаттықтырушылар болса әрқайсысы өз шәкірттерінің қимыл-әрекеттерін жіті қадағалап тұр. Бар ниеттері шәкірттерінің әр соққысына ауған. Мен де бір сәт тапжылмай қарап қалыппын. Кенет бір қуатты қол шынтағымды қысып қалғаны.
Жалт бұрылып қарасам, арнайы іздеп келген құраманың бас бапкері Серік Әбденәлиев.
— Ассалаумағалейкүм. Не жаттығуға келдіңбе, әлде менімен әңгімелесесіңбе?
— Ай, Сәке, екеуі де артық етпейді ғой.
— Міне, біздің жігіттер ылғи да осылай тер төгеді.
— Жгіттерің түгел емес сияқты ғой?
— Дұрыс айтасың. Қазір қайда бұрылсаңда қыруар қаржы қажет. Осындай қиын-қыстау жағдайда Қайыс Баянғалиұлы Аққалиев мырза жетекшілік ететін жоғары спорт шеберлігі мектебі құрама команда үшін оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырды. Оған 15 боксшы қатысуда. Бұл негізінен Алматыда тұратындары ғана. Ал Б.Теміров-Атырауда, Б.Ниязымбетов пен Б.Жұмәділов-Жамбылда, Б.Әбубәкіров, С.Мұсатаев, А.Топаев, Н.Қалыбаев-Қарағандыда, Н.Сыманов, Н.Сүлейменов, Қ.Шағатаев-Шымкентте, М.Жүсіпов-Көкшетауда, Қ.Хабибрахманов-Ақмолада, Н.Кульпин-Керекуде өз бапкерлерінің жетекшілігімен даярлануда. Күнара жергілікті жерлердегі бапкерлермен сөйлесіп тұрамын. Бәрі ойдағыдай,- деді.
Бапкер әңгіме барысында сәл тыныстай берген сәтте:
— Присяжнюк пен Зайцев кәсіпқойға кетті деп едіңіз. Мына жігіттермен қолғап түйістіріп жүргені қалай? Әуесқойлар қатарына қайтып келгілері жоқпа?,- деген сауалды алдына тарттым.
— Жо-о-қ. Олар тек Алматыға келген кезде біздермен бірге жаттығады. Бұрынғы командаластарымен жұдырықтасқан оларға да пайдалы. Осындай тәжірибелі боксшылардың әдіс-тәсілі жастар үшін үлкен мектеп. Сондықтанда майталман боксшыларымыз залға келгенде жас спортшылар былай тұрсын, біздің өзіміз қуанып қаламыз,- деді.

Тоқсан екінші жылы ТМД чемпионаты Тамбов қаласындағы «Антей» спорт кешенінде өтті. Қызу қанды көрермендер Қазандағыдан аздау болды. Дегенмен боксты түсінетін жандардың шын шеберді жақтайтын әдеті бар емес пе? Бірден рингті шайқалтып кететін Болатты қолдағандар мұнда да аз болған жоқ. Жерлесіміз бес жекпе-жек өткізді. Жартылай финалда ресейлік А.Артамоновты айқын ұтып, финалда қарағандылық Бектас Әбубәкіровтен басым түсті. Сөйтіп тағы да алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар «қалыңдықтар» қаласы Ивановода өткен КСРО Кубогі бәсекесінде де ешкімді шақ келтірген жоқ. Кейіннен КСРО-АҚШ матчына қатысып, қарсыласын ойсырата жеңді.

Кеңес империясының тұяқ серпер тұсында Барселонада ХХҮ Олимпиялық ойындар өткені белгілі. Сол додаға Қазақстаннан Б.Теміров, Б.Жұмәділов, А.Топаев сынды шеберлеріміз қатысуға тиіс еді. Бірақ ресейдің сойылын соққан бас бапкер, халықаралық аренада қазақстандықтардың рейтингін жоғарылатпас үшін, әділдіктен аттап өтті. Сол жылдары КСРО құрамасының тізгінін ұстаған К.Копцев ұятты былай қойып, Теміровтің орнына А.Филипповті, ал Жұмәділовтің орнына В.Ганченконы ұлы дүбірге қосты. Реесейлік осы екі боксшы да, кездескен сайын жерлестерімізден оңбай таяқ жеп жүрген «мықтылар» болатын. Құлақтан тартып шығарған сорлылар, алғашқы жекпе-жектерінде тізе бүкті. Барселонаға барып тұрып, рингке шыға алмағандықтарына жерлестеріміз қатты өкінді. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Делегация құрамында келген Қазақстан спорт министрінің орынбасары Қ.Әшляев олай-бұлай шапқылап еді. Оның жанайқайына ешкім құлақ асқан жоқ.

1993 жылы Финляндияның Тампере қаласында бокстан әлем чемпионаты өтті. Оған қазақстандықтар өз алдына жеке команда болып қатысты. Болат Теміров команда капитаны міндетін атқарды. Алғашқы жекпе-жегінде еркін ойқастап, жеңіске жетті. Бірақ қолы қатты зақымданды. Келесі айналымда сол жарақатының кесірінен, опық жеді. Кейіннен ультрадыбыспен тексергенде, оң қол сүйегінің ішінен сынғаны белгілі болды. Оны салғанымен қатты соққыға шыдамайтыны анықталды. Жүйкемен байланысты тамырға да зақым келген екен. Сөйтіп шарықтап тұрған 26 жасында былғары қолғапты шегеге ілді.

Боксты қойғаннан кейін Болатпен тілдескенімде:

— Спортшы ретіндегі жұлдызды шағым, қас-қағымда өте шықты. Алғашқы жылдары ұйықтасам, рингтегі шайқастарым, жанкүйерлердің айқайы түсіме жиі енетін. Амал қанша, жарақатым жолымды байлады. Ендігі мақсатым- өсіп келе жатқан жастарға ығы бар аға болсам жарар еді,- деген еді.

Зымырап өтіп бара жатқан уақытқа не дерсің. Болат рингтен түскелі бері жиырма жылға жуықтапты. Ол Атырау облыстық мәслихатының депутаты. Көптеген қоғамдық жұмыстар атқарумен қатар туған өңірінде боксты дамыту мақсатында «Болат» қоғамдық бірлестігін ашып, Қарағандыдан елімізге танымал бапкер Л.Тілеубаевты қызметке шақырды. Соның нәтижесінде атыраулық былғары қолғап шеберлері, қайтадан таныла бастады.

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Б.Теміровтің іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетін ескеріп, Қазақстан бокс федерациясының жауапты хатшысы қызметіне тағайындады. Ал кейіннен халықаралық (АИБА) төрешілер алқасының жетекшісі болып сайланды. Кезінде ринг көкжалы болған атыраулық жігіттен, жаңа саладағы тірлігінде де, көпшілік көңілінен шығатындай табыс күтеміз.

Жүсіп Хисымов

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді дазыңыз