22-29 қараша күндері Шымкент қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Шымкентте тоғыз айдан бері шаршы алаңға шықпаған былғары қолғап шеберлері бас қосты.

Алғаш рет ерлер мен әйелдер арасында ұйымдастырылған дода талай мықтының томағасын сыпырып, жас таланттардың тұсауын кескенімен есте қалды. Ел чемпионатына Атырау облысынан 18 спортшы (11 ер және 7 әйел) қатысып, 1 күміс және 2 қола медаль еншіледі.

75 келі салмақта Райс Нұрқанат күміс жүлдеге ие болды. 20 жасар боксшы тек ақтық сында құрама үздігі Әбілхан Аманқұлмен болған тартысты жекпе-жекте есе жіберіп алды.

52 келі салмақта Олжас Байниязов алғашқы кездесуінде әлем чемпионатының жүлдегері Ержан Жомартты ұтса, кейін алматылық Дәулетбай Ерасыл мен қарағандылық Серкебаев Каримнен басым түсті. Жартылай финалда ел чемпионы атанған Сархан Махмұдқа есе жіберіп, қола жүлдеге ие болды.

Әйелдер арасында 57 келі салмақта ұзақ демалыстан соң Назым Ишанова үлкен спортқа қайта оралып, қола жүлдені иеленді.

Жүлделі орын алған үш спортшымыз Қазақстан ұлттық құрамасы сапына енді.

Айта кету керек, Атырау бокс федерациясының президенті Данбай Шухрат Абдурашитұлының қолдауымен облыс құрамасы ел чемпионаты алдында тыңғылықты оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, бірыңғай спорттық киімдермен қамтылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді дазыңыз