5 қаңтар күні Атырау бокс федерациясының кеңейтілген жиыны өтіп, онда федерацияның 2020 жылы атқарған жұмысы туралы есеп беріліп, даму жоспары талқыланды. Жиынға федерация президенті Данбай Шухрат Абдурашитұлы, Атырау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов және бокс ардагерлері мен жаттықтырушылар қатысты.


«Облыста бокспен айналысу үшін барлық жағдай жасалынған. Ел чемпионатындағы нәтижеміз де жақсарып келеді. Бокс саласына бөлінген қаржы және атқарылған жұмыстар туралы өздеріңізге ашық түрде есеп беріп отырмыз. Мақсат нәтижені одан сайын жақсарта түсу», — дейді федерация президенті.

Жиын барысында бір топ бапкерлер мен спортшыларға алғыс хаттар табыс етілді. Исатай аудандық Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бегисинов Сейтжан «Қазақстан боксын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрлан Айтуаров, жастар аға жаттықтырушысы Ринат Жұмағалиев, жасөспірімдер бас бапкері Айдос Дәулетов, Азия чемпионын дайындаған бапкер Ерлан Сахиповқа федерация тарапынан алғыс хат және спорттық киімдер табысталды.

2020 жылы Қазақстан чемпионатында жүлделі орын алған спортшыларға қаржылай сыйақы берілді.

Алдағы уақытта федерация спортшылар мен жаттықтырушыларға жалақы төлеу, түрлі турнирлер өткізу, облыста бокстың даму туралы сараптама жасау және насихаттау, споршыларды түрлі сайыстарға жіберу секілді жұмыстарды атқара беретін болады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді дазыңыз