5-8 қаңтар аралығында Мақат ауданы, Доссор елді-мекенінде «Атырау облысы әуесқой бокс федерациясының жүлдесіне арналған» турнир өтті.

Мақат ауданы әкімдігі, Атырау облысы спорт басқармасы, білім беру басқармасы және Атырау облысы әуесқой бокс федерациясының ұйымдастыруымен өткен турнирге 2004-2005 жылы туылған жасөспірімдер қатысты. 20 салмақ дәрежесінде Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет, Қызылқоға, Мақат аудандарынан және Атырау қаласынан 115 боксшы бақ сынады.

Спортшыларды марапаттау үшін Мақат ауданы әкімінің орынбасары Гумаров Жандарбек Мерекеұлы арнайы келді. Барлық шараға қатысушы спортшылар мен жаттықтырушыларды жаңа жылдарымен құттықтап, алда келе жатқан байрақты бәсекелерде сәттілік тіледі. Наурыз айының 25-30 аралығында Құрманғазы ауданында жасөспірімдер арасындағы аймақтық Қазақстан чемпионаты өтеді. Осы жарыстың маңыздылығын ескере отырып, жастарға аянбай еңбек ету керек екендерін жеткізді.

Атырау облысы әуесқой бокс федерациясының вице президенті Тургаев Сәрсенбай Қамиұлы да өз пікірімен бөлісті:

— Жасөспірімдер арасындағы бұндай турнирлерді жылына төрт рет өткізіп отыруды дәстүрге айналдырдық. Әр жылы әр аймақта өтеді. Биыл мінекей Доссорға да кезек келді. Қазіргі уақытта Мақат ауданынан жақсы жас боксшылар шыға бастады. Осындай жасөспірімдер арасындағы жарыстар үлкен тәжірбиенің бастауы болып табылады.

Мысалы, 2012 жылы алғаш Доссорда өткен жасөспірімдер арасындағы турнирде Қазыбек Сапенов топ жарған болатын. Сол турнир арқылы көзге түскен боксшымыз 2016 жылы жастар арасындағы мықтылар турнирін жеңді. Кейін ұлттық құрама қатарына еніп, сол жылы Павлодар қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Қазіргі күндері облыстың ересектер мен жастар құрамасындағы боксшыларының барлығы осындай турнирден бастап көріне бастаған. Бүгін жеңіске жетіп, жүлде тұғырынан көрінген боксшыларды әрмен қарай үлкен сайыстарға дайындап, облыс намысын қорғайтын мықты боксшы шығаруға еңбектенетін боламыз, — дейді вице президент.

Айта кету керек, «Атырау облысы әуесқой бокс федерациясының жүлдесіне арналған» турнир әдейі жылдың басына, оқушылардың демалыс кезіне қойылған. Балалар демалыс уақытын бос өткізбей, салауатты өмір салтын ұстануы үшін жоспарланған.

Турнирдің салтанатты жабылуы кезінде Мақат ауданы әкімінің орынбасары Гумаров Жандарбек Мерекеұлы «ең үздік» атанғандарды марапаттады. Мақат ауданының төрешісі Сақтанов Сәндібек «әділ төреші» атанды. Мақаттық боксшы Мұрат Фархат «жеңіске деген жігері үшін» марапатталды. Құрманғазы ауданының боксшысы Рахмет Алмат «ең үздік боксшы» болып танылды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді дазыңыз