26-29 наурыз аралығында Құрманғазы ауданында бокстан 2004-2005 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасындағы Батыс аймақтық Қазақстан чемпионаты өтті. Төрт күнге созылған додада 20 салмақ дәрежесінде Атырау облысынан басқа Ақтөбе, БҚО, Маңғыстау облыстарынан 127 боксшы бақ сынады.

Бұндай үлкен жарыстардың аудандарда өтуі құптарлық іс, — дейді жарыстың ашылуында сөз алған Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Тәжібаев Өркен Сержанұлы.

«Біз үшін Құрманғазы ауданында осындай ірі жарыстарды өткізу үлкен мәртебе. Осындай үлкен додалар аудандардағы халықтың, жастарымыздың спортқа деген қызығушылығын оятатыны сөзсіз. Бүгінгі жарыста топ жарған жастарымыз әлі-ақ талай биік шыңдарды бағындыратынына сенемін»,- деді Өркен Сержанұлы.

Батыс аймақтық біріншілігінде финалист атанған боксшылар әрімен қарай Қазақстан чемпионатында бақ сынайтын болады. Одан үздік шыққандар ұлттық құрама қатарына еніп, әлемдік додаларда ел намысын қорғайды.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, әлем кубогының иегері, 5 дүркін КСРО чемпионы, Қазақстан Республикасының жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушысы Топаев Аркадий жарысты тамашалаған болатын. Батыстағы боксшылардың аяқ-алысы жақсы екенін, жасөспірімдер арасындағы бәсекелестіктің жылдан-жылға артып келе жатқанын айтып өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша Айбек Нысанбаев бастаған Атырау облысы құрамасы 8 алтын, 5 күміс және 11 қола медальмен жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Медальдар кестесі төмендегідей:

  1. Атырау: 8 алтын, 5 күміс, 11 қола = 24 медаль.
  2. Маңғыстау: 6 алтын, 2 күміс, 12 қола =20 медаль.
  3. Ақтөбе: 4 алтын, 8 күміс, 7 қола = 19 медаль.
  4. БҚО: 2 алтын, 5 күміс, 6 қола = 13 медаль.

Батыс аймақтық чемпионатында жергілікті боксшы Төреш Бекзат «ең үздік боксшы» атанды. 32 келіде жұдырықтасқан Тұрарбек Уахитов шәкірті іріктеуде БҚО және Ақтөбелік қарсыластарын ұтты. Финалда Ақтөбе боксшысынан басым түсті.

Атыраулық боксшы Сансызбай Өміржан «жақсы өнер көрсеткені үшін», Батыс Қазақстандық Бақытов «жеңіске деген жігері үшін» арнайы мараптталды. Номинанттарға кубокпен қоса теледидар табыс етілді.

«Ең үздік төреші» болып Оңтүстік Қазақстандық Ұлттық дәрежедегі төреші Орынбаев Данияр танылды.

Осылайша кіші жасөспірімдер арасындағы Батыс аймақтық чемпионаты Атыраулық боксшылар үшін сәтті аяқталды. Қызылорда облысында өтетін Қазақстан чемпионатына 13 боксшымыз тікелей жолдама алып отыр. Жеңіске жеткен Атыраулық боксшылар:

32 кг: Төреш Бекзат
34 кг: Сансызбай Өміржан
46 кг: Әділбеков Ризабев
48 кг: Исқалиев Фархат
52 кг: Құттыбаев Темірлан
56 кг: Төретай Диас
63 кг: Рахымов Арсен
70+ кг: Келіс Жанарыс

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді дазыңыз