Бүгін Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік Университетінің спорттық мәдени кешенінде Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының рухына арналған бокстан ересектер арасындағы X-шы Халықаралық турнир жалауын көтерді.

Дәстүрлі турнирге биыл Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Моңғолия және Қазақстан мемлекеттерінен 100-ге жуық былғары қолғап шеберлері келіп отыр. Аталмыш турнир «А» санатындағы, AIBA (Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясы) күнтізбесіне енген Азия құрлығындағы маңызды турнирлердің бірі болып табылады.
— Халықаралық Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының рухына арналған турнирдің басты мақсаты әуесқой боксты дамыту және насихаттау. Онымен қоса ұлтымыздың батырлары Исатай мен Махамбет атын алыс шет елдерге таныстыру. Ерлеріміздің ерлік істерін дәріптеп, болашақ ұрпақтың санасына сіңдіру, әлемге паш ету. Қала тұрғындары мен қонақтарына спорттық мереке сыйлау, — дейді федерация вице-президенті Тургаев Сәрсенбай Қамиұлы.
Айта кету керек, жарысты тамашалауға арнайы қазақ боксының мақтаныштары, қос әлем чемпионы, Еңбек сіңірген спорт шеберлері Джафаров Галиб пен Жаңабергенов Ердос келді.
 — Бұндай ірі турнирлерді облысымызды өткізу құптарлық іс. Халықаралық турнирлерді халық тамашалап, жастардың қызығушылығы арта түсетіні анық. Жергілікті боксшылардың жақсы нәтижеге қол жеткізетініне сенемін. Өз жерімізде өтіп жатқан жарыста тек алтын медаль иеленуіміз керек, — дейді Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бекет Азамат Бауыржанұлы.

1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз!
Өтінеміз, аты-жөніңізді дазыңыз