
29-шы қазан Қазақстан боксы күні. Қазақтың төл спорты айналып үлгерген, миллиондардың сүйікті спорты — бұл бокс. 80 жылдан астам уақыт аралығында былғары қолғап шеберлері бүкіл әлемді бағындыра алды. Тәуелсіз еліміз тарихында бірде-бір Олимпиададан байрағымыз төмен түсіп көрмеген. Қазақ қатысқан шаршы алаң бәсекесі қашан да қызыққа толы.
Осынау Қазақстан боксы күні еліміздің түкпір-түкпірінде аталынып өтуде. Атырауда да бүгін бокс мерекесі өтті. Мамандандырылған бокс клубында еңбегі сіңген жаттықтырушылар жас спортшыларымызға Қазақстан боксының тарихы туралы айтып берді.

Жиында спорт ардагері, талай чемпиондардың бағын ашқан жаттықтырушы Ерболат Бисекенов өзінің жаттықтырушы болған кезіндегі қызықты оқиғаларымен бөлісті. Жас мамандарға ақыл-кеңесін айтты.

— Қазақстан боксы тарихында Атыраудың орны ерекше. Біз әйелдер боксы тарихында қалатын алғашқы бокстан Қазақстан чемпионатын өткізген болатынбыз. Бұл 2005 жыл. Ол кезде ел біріншілігіне бар болғаны 22 спортшы қатысты. Қазір бұл сандар өте күлкілі болып көрінуі мүмкін. Осы 12 жыл аралығында Қазақстанның әйелдер боксы адам танымастай биікке көтерілді. Бірнеше әлем чемпиондары, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, тіпті әлемге таныла бастаған кәсіпқойларымыз да бар.
Атырау қыздар боксы чемпиондарымен мақтана алады. Жастар арасындағы әлем чемпионатында өзіміздің шәкірттеріміз жүлдегер атанып жүр. Қазір Қазақстан ұлттық құрамасы сапында жастарымыз жаттығу үстінде, — дейді федерация вице-президенті Сәрсенбай Қамиұлы.

Жиын барысында жас боксшылар атақты жерлес ағалары, КСРО-ның 5 дүркін чемпионы Болат Теміровтың жаттықтырушысы Ерболат Бисекеновке сұрақтарын қойды. Болат ағалары секілді чемпион болу үшін не істеу керек екендігін сұрады. Ұстаз сөйлейді:

— Болат боксқа келгенде ап-апарық кішкентай ғана бола болатын. Алғашқыда мен оны боксқа жарамайсың, футболға бар деп жіберетінмін. Ол өзі қоймастан келе беретін. Бірнеше жыл дайындалып жүрді. Бірде облыс құрамасымен үлкен жарысқа баратын болдық. Болаттың салмағындағы көшбасшы боксшы ауырып қалды. Орнына бір боксшыны апару керек болды. Амалсыздан Болатты апардық. Жүлдеге іліну түгілі бірінші кездесуін жеңсе сол да жақсы болар деп ойладым. Бірақ мен қателесіппін. Бала шаршы алаңда көсіліп сала берді. Шыққан қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты. Міне сол кезден бастап сіз білет Болат Теміровтың үлкен бокстағы қадамдары басталды.
Әрине, әр боксшының осал тұстары болады. Бастысы алға қойған мақсатыңа жете білу, қиындықтарға қарсы тұру. Болаттың басқа боксшылардан басты айрмашылығы еңбекқор болатын. Жүректі боксшы. Ол өзінің еңбекқорлығы арқасында бүкіл Кеңестер Одағына танымал боксшы атанды, — деп Ерболат ұстаз ағынан жарылды.

Қазақстан боксы күні аясында спорт ардагері Ерболат Бисекеновке қайталанбас боксшыны тәрбиелеп шығарғаны үшін алғыс хат табыс етілді.










