28 желтоқсан күні Теннис орталығында Атырау облысы боксшыларының есеп беру жиналысы өтті. Шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бауыржанұлы мен облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Дінмұхамед Әлиханұлы қатысты.

Жиында 2017 жылғы нәтижелер сөз болды. Жеткен жетістіктер мен кемшіліктер талқыланды. Облыстың аға жаттықтырушылары есеп беріп, өздерінің алдағы жоспарларымен бөлісті.

Қазақстандағы бокс әлем бойынша үздік үштікке кіретінін ескере отырып, жастарды бәсекеге қабілетті етіп шығарудың маңыздылығы сөз болды. Кейбір аудандар мен қаладағы спорт нысандарына жаңа спорттық құрылғылар алынатын болды.

2017 жыл Атырау боксы үшін жақсы жаңалықпен аяқталды. Қазақстан Республикасы бокс федерациясының шешімімен «ең үздік облыстық федерация» атағына ие болды.

Шара барысында осы жылы жақсы нәтижелерімен көзге түскен спортшылар: Әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионы Назым Ищанова және Мұнайлы елдер арасындағы әлем кубогының жүлдегерлері Ержан Ордабаев пен Рашид Салауатовқа қаржылай сыйлықтар табыс етілді.








