1-5 шілде күндері қаламызда Асқар Алтынбекұлы Құлыбаев атындағы Халықаралық турнир өткен болатын. 52 келі салмақта жергілікті боксшы Мерей Құрманғазы жеңіске жетті.
Мерей алдымен ширек финалда Маңғыстаулық Дүйсенбай Қуанышты жеңсе, жартылай финалда Өзбекстандық Фиязовтан айласын асырды. Ақтық сында Петропавл боксшысы Павлов Евгенийдің жарысты жалғастырудан бас тартуына байланысты турнир чемпионы атанды.

— Құлыбаев турниріндегі барлық қарсыластарым да оңай болған жоқ. Мықты дайындықпен келгендері бірден байқалды. Бұл менің ересектер арасындағы алғашқы жеңісім. Былтыр дәл осы Құлыбаев турнирінде ересектер арасындағы ең алғашқы жарысыма қатысып, қола жүлдегер атанған едім. Араға жыл салып жеңіске жетіп отырмын. Алдаға уақытта дайындықты күшейте түсіп, ірі турнирлерде үздіктер қатарынан көрінуді мақсат қойдым, — дейді Мерей.
Айта кету керек, Мерей былтырғы жылы жастар арасында өткен Қазақстан спартакиадасының күміс жүлдегері атанған болатын. Сол жетістігі арқылы бүгінгі күндері Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасынан тұрақты түрде ай сайынғы ынталандыру сыйақысын алып отыр.

Атыраулық боксшылар үшін қазіргі күні барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Атырау облысы бокс федерациясы бокста талантты балаларға қажетті жағдайдың барлығын жасап отыр.








