Алматыда бокстан қыздар арасында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Меңгерей Хайрудиновты еске алуға арналған Халықаралық турнир өтті.

15-ші мәрте ұйымдастырылған турнир қыздар арасындағы ең беделді сайыстардың бірі болып табылады. Оған биыл Әлібек Көшенов бастаған бес боксшымыз қатысты.

Атырауда қыздар боксы жақсы жолға қойылған, қарқынды дамып келеді. Оған дәлел Халықаралық турнирдегі қыздарымыздың нәтижесі. Хайрудинов турнирінде 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль еншіледік.

54 келі салмақта Зинуллина Динара қарсылас шыдатпай, жеңіс тұғырынан көрінді. 64 келіде Халилулла Зарина мен Елтай Нұрсәуле финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. 57 келіде Камарова Арайлым қола жүлдегер.

«Жастар арасындағы бұл турнирге тыңғылықты дайындалық. Қыздар қойылған тапсырманы сәтті орындады. Тіпті екі-үш алтын алуымыз да мүмкін еді. Алдағы ірі сайыстарға дайындықты үдете түспекпіз. Болашақта үлкен жеңістерге жететінімізге сенімдімін» — дейді бапкер Әлібек Көшенов.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ